Жаңғыру 1946 -1959 жж.
Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында Bosch компаниясы өзінің шетелдік филиалдарынан екінші рет айырылды. Зауыттардың көпшілігі қирап қалды. Келесі екі онжылдық компанияны қалпына келтіруге, сондай-ақ бизнестің жаңа бағыттарын дамытуға арналды.
Қол арбалармен және күректермен - Bosch жаңғыруы
1945 жылға қарай Германиядағы Bosch зауыты қуаттарының 50%-дан астамы одақтастардың бомбалауынан жойылды. Компанияның әскери техниканы жеткізуші ретіндегі негізгі рөлі Bosch-ті стратегиялық мақсатқа айналдырды. Енді компанияға қирандыларды тазалап, жаңа өндірістер салып, жұмысшыларға жұмыс орындарын ашуы керек болды.
Оталдыру білтелері мен кастрөлдер - соғыстан кейінгі жылдарда аман қалу
Жұмысшыларды жалдау және оларға жалақы төлеу мүмкіндігіне ие болу үшін Bosch компаниясы зауыттың қирандыларында болат дулығалардан ас пісіретін кастрөлдер, қол арбалар мен қолшатырлар шығаруды бастады. Жұмысшылар бұл заттарды өздері пайдалана алатын немесе оларды басқа аса қажетті заттарға ауыстыра алатын. Алғашқы күрделі тауарлар одақтастардың әскери автомобильдеріне арналған оталдыру білтелері болды.
Роберт Боштың өсиет алушысы және басқарма төрағасы
Роберт Бош 1942 жылы қайтыс болды. 1945 жылдан кейін оның мүлкінің өкімгерлері оның қалауы мен еркіне сәйкес компанияны қайта құрылымдады. Мұндағы мақсат пайда табу, сонымен қатар оның артығының бір бөлігін қайырымдылық мақсаттарға жіберу болды. Ханс Вальц компанияны 1963 жылға дейін оның негізін қалаушының мұрагері ретінде басқарды.
Монополияға қарсы істі қарау – барлығын жоғалту қаупі
Ұлтшыл-социалистердің бүкіл әлемде өз билігін таратуға деген ұмтылысы тек экономикалық ықпалы бар компаниялардың көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін болды. Дәл осы себепті одақтастар ірі неміс корпорацияларын, соның ішінде Bosch-ті жоюға тырысты. Алайда, компания үйлесімді дамып жатты, бұл оның жеке бөліктері өздігінен өміршең емес болды деген сөз. Ақырында Bosch компаниясы іс жүзінде өзгеріссіз қалды, дегенмен ол барлық бәсекелестерге патенттерін ашуға мәжбүр болды.
«Бүкіл әлем бойынша жасалған» — халықаралық нарыққа шығудың жаңа жолдары
Ұлтшыл-социалистер билікке келгенге дейін Bosch сатылымдарының 50% - дан астамы халықаралық нарыққа келетін. Бірақ 1945 жылдан кейін олар нөлге тең болды және компанияның халықаралық активтері тәркіленді. Бұрыннан келе жатқан серіктестермен, сондай-ақ Бразилия мен Үндістан сияқты елдердегі қарқынды дамып келе жатқан нарықтармен жақсы қарым-қатынастың арқасында халықаралық өкілдіктер желісі біртіндеп жолға қойылды. Дегенмен, Bosch халықаралық сатылымдарының үлесі 1960 жылы ғана 20%-дан асты.
Жетілдірілген әсемдік — тұтынушылық тауарлар
1950 жылдардың басында, қиын кезеңдер артта қалған кезде, Bosch компаниясы Германия мен Еуропаның экономикалық ғажайыбының жарқын көрсеткіші болған өнімдерді нарыққа шығарды және сол арқылы тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырды. Мұндай тауарлардың ішінде асүй құралдары мен үй шеберханаларына арналған электр бұрғысы болды. Ал автомобиль радио қабылдағыштары сияқты негізгі тауарлар миллиондап сатылды.
Bosch асүй аспаптары
Асүйлердің «жаңа дәуірі»
Bosch асүй комбайнының екі ерекшелігі болатын. Бұл үлгінің атауы «Neuzeit» болған (нем.тілінде «жаңа уақыт») және ол «ауылда тұратын әйелдің көмекшісі» ретінде ұсынылды. Қалалық ортада тұратын клиенттерге үй жұмыстарын жеңілдететін озық технологиялардың жаңа дәуірі уәде етілді.
Ауылдық үй шаруашылықтары үшін бұл машинаның үлкен көлемдегі азық-түлікті өңдеу қаншалықты оңай болатындығы қызығушылық тудырды. Себептердің бірі – көп балалы ірі үй шаруашылықтарының басым болуы, екінші себеп – жемістер мен көкөністердің түсімін кейіннен пайдалануға сақтау үшін тез қайта өңдеу қажеттілігі болды, мысалы, тағамның бөліктерін мұздату немесе джем жасау және консервілеу арқылы.
«Neuzeit» асүй комбайны көп функциялы құрылғы болды, ол кесуге, қамыр илеуге, азық-түлікті ұсақтауға, баспалауға және тіпті картопты аршуға мүмкіндік берді.
Фото: Штутгарт сауда орнында асүй комбайны сатылып жатыр (1962 ж.)
Ескі сүйікті заттарды қайтару - автомобильдерге арналған отынды бүрку жүйелері
Осы кезеңде көптеген Bosch тауарларында қолданылатын технология әлі де соғысқа дейінгі дәуірмен байланысты еді. Бәсекеге қабілетті болу үшін инновация қажет болды. Bosch авиациялық қозғалтқыштар үшін әзірлеген отынды бүрку жүйесі 1950 жылдардың басында автомобильдердегі инновация ретінде пайда болды, бірақ оны стандарт ретінде пайдалану үшін ондаған жылдар қажет болды.
Bosch Combi
Үй электр құрал-саймандары
«Өз қолыңмен жаса» хоббиінің қарқынды түрде таралуы Bosch компаниясына пайдалы болды. 1952 жылы шығарылған «Bosch Combi» электр құрал-сайманы таңдалған қондырмаға сәйкес әртүрлі тәсілдермен – бұрғы, бұрағыш, ажарлағыш машина немесе тіпті бақша қайшысы ретінде пайдалануға болатын. Бұл ұсыныс Еуропада мүлдем жаңа бизнес сегментін құрды, ол негізінен ер адамдарды қызықтырды - олар көбінесе жертөлелерде және гараждарда өз қолдарымен заттар жасайтын.
Стандартты керек-жарақтары бар толық жиынтық қабырғаға бекітуге арналған қорапта немесе ағаш жәшікте сатылды. Осылайша, Bosch компаниясы құрылыс индустриясына арналған кәсіби электр құрал-саймандарының түржинағын толықтыру үшін электр құрал-саймандарының екінші негізгі желісін әзірледі, оған сонымен қатар перфораторлар да кіретін.
Фото: Үйдегі шеберлерге арналған «Bosch Combi» көп функционалды құрылғысы - тасымалдауға ыңғайлы қорабымен (1952 ж.)
Электроника – болашағы зор бизнес бағыты
Bosch электронды компоненттерді 1950 жылдардың ортасында жасай бастады. Олардың біріншісі 1958 жылы Bosch шығара бастаған варакторлық диодтар болды. Содан кейін транзисторлар, ал одан соң 1970 жылдан бастап интегралдық сұлбалар шығарыла бастады. Күмәншілер тарапынан сынға ұшыраған, бірақ қолдаушылар ынта-жігерімен құшақ жая қарсы алған олар қазір Bosch үшін негізгі бизнес болып табылатын электроника саласына бірінші тұқымды септі.